21-шi Орта Азиялық Халықаралық «Ауыл шаруашылығы» көрмесі

АӨК-ТІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ: AGROWORLD ЖӘНЕ COLDCHAIN QAZAQSTAN 2026 АЛМАТЫДА ӘЛЕМДІК ШЕШІМ ЖЕТКІЗУШІЛЕРІ МЕН ОТАНДЫҚ АГРОБИЗНЕСТІ БІРІКТІРДІ

2026 ЖЫЛҒЫ 28–30 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА, «АТАКЕНТ» ҚІЫО АУМАҒЫНДА 20-ШЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ» AGROWORLD QAZAQSTAN КӨРМЕСІ ЖӘНЕ 10-ШЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «СУЫҚ ҚОЙМА, ТАСЫМАЛДАУ ЖӘНЕ СУЫҚ ТІЗБЕКТІ ЛОГИСТИКАҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ» COLDCHAIN QAZAQSTAN КӨРМЕСІ ӨТТІ. 

Екі салалық алаң Алматы қаласында ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенге арналған жабдықтар мен технологияларды өндірушілерді, жеткізушілерді, мемлекеттік органдардың өкілдерін, аграрлық бизнес өкілдерін, кәсіпорындар мен агрохолдингтерді, фермерлік шаруашылықтарды, салалық сарапшылар мен 25-тен астам елден келген халықаралық серіктестерді тағы да бір ортаға жинап, кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін мүмкіндік жасады. 

20 жылдан астам уақыт бойы көрмелер оңтүстік өңірдегі агроинновацияларды таныстыруға, саланы дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және инвестициялар тартуға арналған жетекші халықаралық алаңдар болып келеді. 

Үш күн ішінде халықаралық көрмелерге саладағы басшылық құрамның 2 310 бірегей өкілі келді. Келушілердің жалпы саны 5 412 адамды құрады. 

Биыл көрме алаңында 209 компания мен ұйым өз өнімдері мен шешімдерін ұсынды. Олардың ішінде 55 қазақстандық және 154 халықаралық компания бар. 79 компания үшін бұл көрмелер өз өнімдері мен шешімдерін кәсіби аудиторияға алғаш рет таныстыру алаңы болды. Қатысушылар географиясы 22 елді қамтыды: Австрия, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грузия, Үндістан, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Латвия, Нидерланд, Польша, Ресей, Сербия, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Оңтүстік Корея. Ұлттық экспозицияларды Грузия, Нидерланд және Оңтүстік Корея ұсынды. Сонымен қатар, ресейлік өндірушілердің экспорттық және технологиялық әлеуетін таныстырған Санкт-Петербург пен Челябі қалаларының өңірлік стендтері ұйымдастырылды. 

Көрмелердің маңызды бөлігі салалық сарапшылар мен өкілдерді агроөнеркәсіптік кешендегі технологиялық өзгерістерді, инвестициялық мүмкіндіктерді және өзекті мәселелерді талқылау үшін біріктірген AgriFORUM іскерлік бағдарламасы болды. 

28 қазанда бағдарлама «АӨК-ті цифрлық трансформациялау: агробизнесті өзгертетін технологиялар» атты пленарлық сессиямен ашылды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруда және сала кәсіпорындарын дамытуда цифрлық құралдардың рөлін қарастырды. Бірінші күннің ең жарқын әрі павильонда аншлаг жинаған оқиғасы — «Women in AgroBusiness: бизнесті өсіріп, агросаланы өзгертетін әйелдер» атты стратегиялық сессия болды. Мұнда әйелдердің көшбасшылығы мен кәсіпкерлігіндегі жеке тәжірибелері, агросектордағы табысты оқиғалар мен жаңашылдықтар, сондай-ақ агробизнесті дамытудағы әйелдердің рөлі туралы сөз қозғалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Фермер әйелдер жылы деп жариялауына орай, сессия соңында көрме ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының аграрлық саласындағы еңбегі мен жетістіктері үшін қатысушыларға естелік марапаттар мен құрмет грамоталарын табыстады. 

Одан кейін «Алма бағы — инвестиция ретінде: неден бастау керек, қанша тұрады және қашан өтеледі» атты панельдік пікірталас аясында қатысушылар бағбандық бизнесін ұйымдастырудың негізгі аспектілерін қарастырды. Тұрақты даму мен климаттық күн тәртібі мәселелері «Егістіктен көміртек бірлігіне дейін: Қазақстанның агросекторындағы климаттық экономика» атты сессияның тақырыбына айналды. Халықаралық тәжірибе мен экспорттық перспективалар «Санкт-Петербургте жасалған. Ақылмен жасалған. АӨК-тің экспорттық әлеуеті және технологиялық инновациялар» атты таныстырылым кездесуінде ұсынылды. Кездесу барысында өнімдер мен заманауи шешімдерді жаңа нарықтарға шығару мүмкіндіктері талқыланды. 

29 қазанда бағдарлама тәжірибелі мамандарды, фермерлерді, шаруашылық басшыларын, инвесторларды, ветеринарларды және өндірушілерді біріктірген практикалық іс-шаралармен жалғасты. «Тиімді мал шаруашылығы: жемшөп, жануарлар денсаулығы және жоғары өнімділік» атты Фермер мектебі аясында мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарын ұйымдастырудың заманауи технологиялары, жануарларды азықтандыру мен күтіп-бағудағы инновациялар, шаруашылықтардың өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдері және басқа да мәселелер ұсынылды. 

Одан әрі Aeres оқу орталығының, Wageningen University & Research және Еуропалық қайта құру және даму банкінің қатысуымен әзірленген Poultry Forward Kazakhstan бағдарламасының таныстырылымы өтті. Негізгі назар құс шаруашылығы саласының мамандарына арналған нидерландтық кәсіптік білім берудің үздік үрдістері мен мүмкіндіктеріне аударылды. 

Бағбандықты дамыту мәселелері «Бақтан сөреге дейін: сорт таңдау саясаты, алманы сақтау, қаптау және өткізу» атты панельдік сессияда жалғасын тапты. Қатысушылар сорт таңдаудан бастап өнімді сақтау мен өткізуге дейінгі өндіріс және өнімді нарыққа шығару кезеңдерінің өзара байланысын қарастырды. Көрменің іскерлік бағдарламасын «Жобадан мәмілеге дейін: шетелдік инвесторды қалай тартуға болады» атты панельдік сессия қорытындылады. Сессия капитал тарту және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктеріне арналды. 

Дәстүрлі түрде көрмелер аясында мемлекеттік сектор өкілдері мен салалық одақтар басшыларының, Қазақстанның агробизнес делегацияларының, сондай-ақ Қырғыз Республикасының және Алматы облысының өкілдерінің қатысуымен экспо-турлар ұйымдастырылды. Көрменің құрметті қонақтары мен қатысушылары қатарында Грузияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Леван Диасамидзе және Нидерланд Корольдігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Кеңесшісі Ари Велпхаузен  болды. 

Көрмелердің практикалық құндылығы ұсынылған технологиялар мен іскерлік бағдарламадан ғана емес, қатысушылардың өз тәжірибесінен де көрінді. Өндірушілер мен жеткізушілер үшін бұл әлеуетті тапсырыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, нарық сұранысын бағалауға және бизнесті одан әрі дамыту үшін серіктестер табуға мүмкіндік береді: 

«Біздің мақсаттарымыз бен көрмеге қатысуымыз толығымен ақталды. Көптеген келісімдерге қол жеткізіп, жаңа таныстықтар орнаттық, сондықтан нәтижелерге толықтай көңіліміз толады. Келушілер тарапынан қызығушылық шынымен де жоғары. Біз мал азықтандыру және мал шаруашылығы саласындағы ноу-хау шешімдерімізді әкелдік, сондықтан өнімдеріміз келушілер мен шаруашылық өкілдерінің қызығушылығын тудырды», — деп әсерімен бөлісті Nutrimax LTD компаниясының Қазақстандағы бизнесті дамыту және сату жөніндегі директордың орынбасары Сергей Авилов. 

Келушілер де жаңа әзірлемелермен танысып, өндірушілердің ұсыныстарын салыстырып, кәсіби міндеттерін шешуге қажетті өзекті ақпарат ала алды: 

«Мұндай көрмелерді өткізудің Қазақстан ауыл шаруашылығын, соның ішінде құс және мал шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз. Осындай іс-шаралар әртүрлі елдердің қатысушыларын біріктіріп, іскерлік серіктестер табуға, жаңа байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға көмектеседі. Сондықтан олардың саланы дамытудағы маңызы өте зор», — деп атап өтті LIGIN компаниясының өкілі Нұрсерік Сұлтанбек. 

Өндірістің алғашқы кезеңінен бастап өнімнің тұтынушыға жеткенге дейінгі сапасын сақтауға дейін агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы біртұтас тізбек аясында жұмыс істейтін шешімдерге байланысты. Дәл осы бағыттардың тоғысында AgroWorld Qazaqstan және ColdChain Qazaqstan көрмелері өндірушілерді, технология жеткізушілерін және салалық сарапшыларды біріктіріп, заманауи әзірлемелердің, кәсіби сараптаманың және халықаралық ынтымақтастықтың аграрлық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыра алатынын көрсетті. 

Көрмелер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Құс өсірушілер одағының, Алматы облысы бағбандар қауымдастығының, Республикасы АӨК-ті дамыту қауымдастығының ресми қолдауымен өтті. 

Көрмелерді ұйымдастырушылар — Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобы.